Синонимдердің анықтамасы.  

Синонимдердің анықтамасы.

Синонимдер формасы жағынан да, мағынасы жағынан да омонимдерге қарама-қарсы тұрған лексика-семантикалық топ. Синонимдер сыртқы формасы басқа болғанымен, бірдей ұғымды білдіреді. Синонимдік қатарға енген сөздердің орташа саны жиырма-отызға жетеді /К.Аханов. 37-123бб./. Белгілі ғалым Ғ.Мұсабаев синонимдерге мынадай анықтама береді: «Әр түрлі айтылса да жалпы мағыналас болатын, бірақ сәл ғана басқа ерекшеліктері бар сөздер синонимдер деп аталады». Ал профессор К.Аханов «Мағына жағынанбір-біріне жуық, өзара мәндес сөздер бір-бірімен синонимдер бола алады» дейді. Бұл анықтамалардан біз сөздер өзара синонимдес болу үшін 1) әр түрлі айтылуы, 2) мағынасы жуық, 3) бір-бірінен сәл айырмашылығы болуы қажет екендігін аңғарамыз. Алайда мағынасы жуық, мәндес сөздердің бәрі бірдей өзара синонимдес бола ала ма?

Егер мағыналарының жуықтығына, мәндестігіне ғана назар аударсақ әйел, қатын, зайып, жұбай, қосақ сөздерін синонимдес деп тануға тура келеді. Шындығында әйел, қатын, зайып «әйел» ұғымын білдірсе, жұбай мен қосақ «ерлі-зайыптылардың бір сыңары» деген ұғымда жұмсалады.Осы себепті аталған сөздер екі синонимдік ұяға топтасады.

Қазақ тілінде мағына жағынан жуық, ұқсас бола тұрып, лексика-семантикалық жағынан үйлеспей, екі түрлі сөз табына қатысты болатын сөздер де ұшырасады. Мысалы, мә деген одағай ал, ұста деген етістіктің орнына жүреді. Солай бола тұрса да, ол аталған етістіктерге синоним бола алмайды. Бұл сөз көбіне мә, ал немесе мә, ұста болып жұпталып айтылып, қимылдық мағынаны күшейту үшін жұмсалады. Екі түрлі лексика-грамматикалық топқа жататындықтан, бұлар бір синонимдік ұяға сиысып тұра алмайды. Осындай себептерге байланысты Ә.Болғанбаев мынадай қағида ұсынады: 1. Синонимдік сөздер бір ғана ұғымды білдіруі керек. 2. Синоним болып жұмсалатын сөздер бір ғана сөз табынан болуы керек. Мына омонимдік қатарлар: зат есімнен бұлақ-бастау-қайнар, абырой-бедел-қадір, сын есімнен шешен-тілмар-сөзшең, етістіктен тоңу-жаурау, қалтырау, сан есімнен бір-жалғыз-сыңар-жалқы-жеке, екі-қос-жұп-пар-егіз, есімдіктен ештеме-дәнеме-дым-түк, шылаудан алайда-бірақ-дегенмен-сөйткенмен-сөйтсе де-сонда да, модал сөздерден мүмкін-ықтимал, әрине-әлбетте-рас, одағай сөздерден тарп-тарп-тырп-тырп жоғарыдағы қорытындыға мысал бола алады.



Синонимдерді белгілі бір ұяға топтастыруға жоғарыдағы екі принцитің аса маңызды екендігін мойындай тұра Ә.Болғанбаев «сөздің сыртқы формасында дыбысталуында аз да болса тұлғалық өзгешелігі болуын» бірінші кезекке қояды. Егер азамат-жігіт, кеңес-ақыл синонимдерін өзара салыстырсақ, сыртқы тұлғалары бір-бірінен анық ажырап тұр. Ал адырайу-одырайу, нығыздау-тығыздау, тат-тот, бақ-бау, омыру-опыру синонимдерін өзара салыстырсақ, бір-бірінен бір ғана дыбыстың өзгешелігі арқылы айрылып тұр. Сөйті, өзара синоним болатын сөздерді өзара іріктегенде олардың сыртқы формасына да көңіл бөлген дұрыс.

. Синонимдік қатарға енетін сөздер сан жағынан түрлі болады: екі сөзден дәлел-айғақ; он сөзден жақындау-тақау-таяу-жуықтау-маңайлау-жанасу-жуысу-жуу-жолау-алқымдау; он бес сөзден: кенеттен-тұтқиылдан-қапыста-абайсызда-қапелімде-ғайыптан-қапияда-қапылыста-тосыннан-аңдаусызда-қапыда-байқаусызда-жазатайымда-аяқ астынан-күтпеген жерден, бұлардан да көп сөзден тұратын ұялар бар. Белгілі бір ұғымды білдіретін мағыналас, мәндес сөздердің тобын синонимдік қатар деп атайды.Ә.Болғанбаев синонимдерге мынадай анықтама береді: Синонимдер дегеніміз -әр түрлі айтылғанымен, мағынасы жақын, бірақ әрқайсысының өздеріне тән не мағыналық, не стильдік, не эмоциялық сәл ерекшеліктері бар бір сөз табынан болған сөздер.



2. Синонимдердің жасалу жолдары. Қазақ тіліндегі синонимдер толып жатқан тәсілдер арқылы жасалады. Солардың ішіндегі ең бастысы мыналар:

2.1 Сөз мағынасының дамуы нәтижесінде пайда болған синонимдер. Тіл байлығы санымен ғана емес, сапасымен де өлшенеді. Осы тұрғыдан келгенде сөздік қордың даму дәрежесін байқататын ерекше көрсеткіш –көп мағыналы сөздер мен көп мағыналы сөздер есесбінен жасалған омнимдер болып есептелінеді. Бұлар –синонимдік қатардың көбеюінің де бір көзі.

а) Көп мағыналы сөздерден жасалған омонимдер. Көп мағыналы сөздердің синоним тудыруға қатысы әрқилы. Кейде бір сөзде қанша мағына болса, солардың барлығы бірдей синонимдік қатар жасауға үлес қосады. Мысалы, тура деген сөздің үш мағынасы бар: 1.Дұрыс. 2.Тік. 3.Шақ. Осы үш мағынаның үшеуінен де синонимдік қатарлар пайда болған. 1.Дұрыс-жөн-түзу; 2. Тік-түзу-тіке; 3. Шақ-дәл. Бірақ мұндай мысалдар мүлде аз. Көп жағдайда көп мағыналы сөздердің ішінара мағыналары ғана синонимдер тудыруға қатынасады. Қанат деген сөздің сегіз мағынасы бар: 1. Құстар мен шыбын-шіркейлердің ұшып-қонатын мүшесі. 2.Адамның екі бірдей қолын құлаштап жаюы. 3. Ұшақтың көтеріліп, ұшып-қонуына қажетті бөлігі. 4. Арбашаның немесе басқа бір заттың үстін кеңейту үшін бекіткен ағаш. 5. Киіз үйдің әрбір керегесі мен шиі. 6. Белгілі бір нәрсенің орналасқан шебі, екі жағы. 7. Балықтың жүзу қызметін атқаратын дене мүшесі. 8. Сенімді серік, арқа сүйер таяныш, тірек. Бұл сөздің мағынасы қанша көп болса да, олардың ешқайсысынан синонимдік қатар жасалмайды. Яғни көп мағыналы сөздерден жапатармағай көпмағыналы сөздер жасала бермейді. Дегенмен көпмағыналылық есесбінен жасалған синонимдер едәуір.

ә) Омонимдердің есебінен жасалған синонимдер. Өнімсіз болса да, омонимдердің есебінен де синонимдік қатар жасалады. І. Арық. Су ағызу үшін арнайы қазылған су жолы. ІІ Арық. Семіз емес, еті қашқан жүдеу. Осы омонимдік қатардың екінші сыңары «көк бақа» деген тіркеспен синонимдес. І.Арман. Көксеген мақсат, тілек. ІІ Арман. Сөйлеу тілінде әрмен вариантымен жарыса қолданылады. Әрірек деген мағынада жұмсалады.

б) Сөзжасам тәсілдері арқылы жасалған синонимдер. а) жұрнақтар арқылы: синонимдерді тудыруда жұрнақтар үлкен қызмет атқарады. Бұрын бір-бірімен синонимдес бола алмайтын сөздерден синонимдік қатар түзеді. Мысалы, ауыз және су деген заттық ұғымдағы түбір сөздердің жеке тұрғандағы лексикалық мағынасында ешбір байланыс жоқ. Осы түбірлерге –лық қосымшасы қосылғанда жылқының аузына салатын жүгеннің темірден жасалған бөлшегінің атын білдіреді: ауыздық-сулық. Жем, өлім деген заттық ұғымдағы сөздерге –тік қосымшасы қосылғанда да бір мағыналас сөздер жасалады: жемтік, өлімтік. Үй мен аяқ деген сөздер бір сөз табына жатқандығы болмаса, мағына жағынан ешқандай жақындығы жоқ. Осы екі түрлі ұғымдағы сөздерге –ландыр, -лендір күрделі қосымшасы жалғанғанда бір ұғымды білдіретін синоним жасалады: үйлендір, аяқтандыр. Бұлардан басқа синонимдік қатар түзетін өнімді жұрнақтар мыналар: -ыс, -іс, -с: шабыс-жарыс; -ма,-ме,-ба, -бе, -па,-пе; кеспе-салма, мінездеме-сипаттама; -ым,-ім,-м: наным-сенім т.б.

ә) Күрделену арқылы: күрделі сөздердің құрамына енген түбір сөздер оп-оңай бірікпейді. Өзінен өзі қосарланбайды немесе тіркеспейді. Олар белгілі бір заңдылыққа, ұғымға негізделіп күрделенеді. Тарихи даму барысында сөз тіркестері бұрынғы синтаксистік қарым-қатынастарын жойып, лексикаланады. Мысалы, адамның денеге жағып, жақсы иіс шығаратын затты қазақтар иіс су немесе иіс май дейді. Мұнда иіс деген сөз бірде сумен бірде маймен тіркесіп айтылып, күрделеніп, лексикаланып белгілі бір заттың ұғымын білдіріп тұр. Өзара синонимдес, лексикаланған тіркестер екі сөзден құралғанымен, көбіне дара сөздермен бірдей қызмет атқарып, бір ұғым білдіреді: бой жеткен-бикеш, көз бояушы-сиқыршы, құс төсек-мамық, орта бойлы-дембелше, еті тірі-пысық. қол алысу – амандасу, құда түсу-айттыру т.б.

2.2 Кірме сөздер арқылы пайда болған синонимдер. Бір тілден екінші бір тілдіңғ сөз қабылдап алуы бүкіл тілдерге тән заңды құбылыс. Сөздік құрам бірыңғай ішкі мүмкіншіліктер арқылы ғана емес, өзінде жоқты өзге тілдерден толтыру арқылы да толығады.

Монғол сөздер арқылы. Моңғол тілінен қазақ тіліне монғол шапқыншылығына дейін де, кейін де көптеген сөздер енген. Солардың ішінде Ә.Болғанбаев мынадай лексикалық тұлғаларды синонимдік қатарларды толықтыруға қатысқан деп есептейді. Әбдіре: (бағалы бұйым салуға арналған қақпақты үлкен ыдыс) –сандық, аймақ: аймақ-төңірек-өңір-атырап-маң-маңай. Баянды: баянды-түпкілікті-тұрақты, жасақ: жасақ-әскер-қол. Талқы: талқы-сарап, талқы-қыспақ.

Араб сөздері арқылы. Араб сөздері сауда, дін арқылы, шығыс классиктерінің шығармалары арқылы тарады. Көбіне ғылым мен мәдениетке, үй тұрмысы мен шаруашылыққа, діни ұғымдарға байланысты сөздер енеді. Бұлар ұзақ өмір сүріп, тілде көп қолданылғандықтан қазақтың байырғы төл сөздеріндей жалпыхалықтық сипат алып, әбден тұрақтанған. Мысалы: емтихан: сын-сынақ, ақиқат: ақиқат-шындық, әсер: әсер-ықпал, ымыра: ымыра-келісім-одақ, қате:-теріс-бұрыс-жаңсақ, ғалым:-оқымысты, әмір-бұйрық-жарлық, әскер-жасақ-қол-шеру-қосын т.б.

Иран сөздері арқылы. Иран сөздері араласып-құраласып жатқан ел болғандықтан, араб сөздерінен әлденеше ғасыр бұрын ене бастаған.Иран сөздері мен қазақ сөздері мынадай синонимдік қатар түзеді: асхана: асүй, шыны: шөлмек, дәрігер: емші, дау: талас-жанжал-ұрыс-керіс, сарбаз:жауынгер, сая: көлеңке, мал: түлік, мейман-қонақ.

Орыс сөздері арқылы. Қазақ тіліндегі синонимдерді байытуға орыс сөздері де елеулі үлес қосты. Ертеректе ауысып келген кірме сөздердің ең басты ерекшелігі –адам танымастай болып сіңісіп кеткендігі. Бұған мына сияқты синонимдік қатарлар мысал бола алады: бөтелке: шыны-шөлмек, сіріңке: оттық-күкірт-шырпы-шақпақ, өшірет: кезек, пар: жұп-қос-екі, кірпіш: қыш-кесек, мәнер: үлгі, ою-өрнек т.б.

Қазақ синонимдерін байытуға орыс тілінен тікелей енген сөздер ғана емес, калька арқылы пайда болған өз сөздеріміз үлкен қызмет атқарады: Рең (окраска): рең-өң-түс, хаттау(опись): тіркеу, талау-(грабеж): тонау, сақтау: қорғау т.б.

Диалектизмдер мен кәсіби сөздердің есебінен пайда болған синонимдер. Жергідікті жерлердегі диалектілерді біз әдеби тілмен салыстыру арқылы ғана ажырата аламыз. Кейбір лексикалық диалектизмдер әдеби тілде мүлде ұшырамайды, бірақ олардың мағыналас синонимдері болады: байыр: тәуір-жақсы, быдым: жуан-семіз-толық, деңгел: сыбаға-мүше, бақзұр: босқа-жай т.б. Кәсіби сөздер де әдеби тілдегі сөздермен синонимдік қатар түзей алады: қияр(әдеби)-бәдірең, картоп-ботташық, көзілдірік-көзгелдек, бал-әсел т.б.

Фразеологизмдердің есебінен пайда болған синонимдер. Қолды-аяққа тұрмау-тыпыршу-шыдамсыздану, шыр біту-қоңдау-семіру, аузының суы құру-таңдану-таңырқау, қара қылды қақ жарған-тура - әділ-турашыл т.б. Фразеологиялық тіркестер жеке сөздерге ғана балама болып жұмсалмайды, өзара бір-бірімен де синоним бола береді: көзді ашып жұмғанша-қас пен көздің арасында-қабақ қаққанша, алдына жан салмайды-аузымен құс тістеді. Т.б. Мұндай құбылысты тіл білімінде фразеологиялық синонимдер деп атайды.

Табу, эвфемизмдер мен дисфемизмдер есебінен жасалған синонимдер: ит-құс: қасқыр-бөрі, жасыл: найзағай, ұзын құлақ: өсек, аяғы ауыр: екі қабат, шүйке бас: әйел т.б.

Синонимдердің түрлері. Белгілі бір синонимдік қатарға енген сыңарлар өзара мәндес болуымен қатар мағыналық, экспрессивті-эмоциялы реңктері, қолданылу, тіркесу, сөз тудыру қаблеті жағынан бір-бірінен ажыратылады. Осындай сипатына қарай синонимдер үш түрлі топқа жіктеледі: 1. мағыналық синонимдер. 2. стильдік синонимдер. 3. мағыналық-стильдік синонимдер.

Мағыналық синонимдер. Адам баласының өмір тіршілігіне, күн көрісіне, қимыл-әрекетіне ең қажетті сөздер сөздік құрамның үлкен бөлігін құрайды. Мұндай сөздер стильдік бояуы жоқ бейтарап мәнді болып келеді. Қоғам мүшелерінің барлығына бірдей түсінікті болғандықтан бейтарап сөздер жалпыхалықтық сөздер деп те аталады. Жалпыхалықтық сөздердің есебінен түзілген синонимдер бір-бірінен мағыналық жағынан ғана ажыратылады. Мысалы, жығылу мен құлау бір ұғымды білдіріп, синонимдік қатар жасайды. Мысалы, жығылу тек адамға, жанды затқа байланысты айтылады да, құлау жанды затқа да жансыз затқа да қолданыла береді. Орман мен тоғай зат есімдерінің мағынасы да бірдей емес. Орман қалың ну ағаш өскен үлкен аймақ болса, тоғай одан гөрі көлемі кішірек келген ағашты жер. Әрқайсысының өзіне тән мағыналық реңкі бар, стильдік жағынан шектелмейтін, тілдің барлық саласында еркін қолданыла беретін мәндес сөздерді мағыналық синонимдер дап аталады.

Стильдік синонимдер. Синоним болып жұмсалатын екі сөздің біреуі барлық стильде оңды-солды қолданыла берсе, екіншісі не сөйлеу тілінде, не әдеби тілдің белгілі бір стильінде шектеіп қалатын реттері болады. Бұл - синонимдік қатарлардың кейбір сыңарлары орын таңдайды деген сөз. Биік пен зәулім бір-біріне синонимдер болғанымен, қолданылуы екі түрлі: зәулім үй сөзімен тіркесіп, көтеріңкі стильде айтылса, биік көптеген зат есімдермен емін-еркін қатынасқа түседі. Сол сияқты жолығу мен кездесу де стильдік қолданылуы жағынан сараланып бөлінеді. Жолығу стиль талғамаса, кездесу ресми түрде жұмсалады. Мағына жағынан ұқсас, тең бола отырып, бір-бірінен стильдік бояуы арқылы өзгешеленетін мәндес сөздердің тобын стильдік синонимдер деп атайды.

Мағыналық-стильдік синонимдер.Синонимдер кейде бір-бірінен не мағынасы жағынан, не стильдік мәні жағынан өзгешеленіп, бірыңғай болып келе бермейді. Олар өзара әрі мағыналық, әрі стильдік белгілері арқылы ерекшеленіп, екі жақты қарым-қатынас жасай алады. Мысалы, кір-лас-сатпақ-қожалақ-салтақ синонимдерін алатын болсақ, алғашқы екі сыңар мағыналық, соңғы үш сөз стильдік синонимдер болып саналады. Ел-халық-жұрт-әлеумет-халайық синонимдерінен де осындай сипат аңғарылады. Ел, халық бейтарап сөздердің қатарына жатса, қалғандарының өздеріне тән стильдік бояуы бар. Өзара әрі мағыналық, әрі стильдік белгілері арқылы ерекшеленетін, белгілі бір синонимдік қатарда аралас топ құра алатын синонимдерді мағыналық-стильдік синонимдер деп атаймыз /Ә.Болғанбаев. Қазақ тіліндегі синонимдер. –А.,1970. 260-285 бб./.

7лекция. Сөздердің лексика-семантикалық топтары:

  1. Антонимдердің анықтамасы.
  2. Антонимдердің грамматикалық сипаты.
  3. Антонимдердің түрлері.

1. Антонимдердің анықтамасы. Тілімізде мағынасы бір-біріне жақын, жуық сөздер ғана емес, мағынасы қарама-қарсы сөздер де кездеседі. Мысалы, асты: бір заттың үстіне қарама-қарсы жағы, төменгі тұсы, түбі; үсті: бір заттың астына қарама-қарсы жағы, жоғарғы тұсы, үстіңгі беті; аш: ас ішпеген, тамақ жемеген, тоқ емес; тоқ: ішіп-жеп тойған; терең: түбіне бойламай кететін тұңғиық, шыңырау; тайыз: терең емес, саяз. Осындай бір-біріне мағынасы қарама-қарсы сөздер антонимдер деп аталады.

Кез келген сөз бір-бірімен омонимдес, синонимдес бола алмайтыны сияқты өзара антонимдес те бола алмайды. Айталық, тас, ағаш, қағаз, шам деген сөздер –обьективті дүниедегі ақиқат, нақты заттардың атауы. Бұларда сапалық қасиет жоқ, тек атауыштық қасиет қана бар. Ал жұмсақ, қатты, қалың, жұқа, қараңғы деген сөздерде әрі атауыштық, әрі сапалық мән бар. Бұлар белгілі бір құбылыстың атауы болуымен қатар, сол құбылыстардың әр түрлі сапалық, сындық, т.б. қасиеттерін де қосы сипаттайды. Нақтырақ айтқанда, антонимдік қарама-қарсылық сапалық ұғымдарды білдіретін немесе сапалық мәні бар сөздерден ғана пайда болады. Мысалы, жақсы, жаман деген антонимдік жұп заттың сындық сапасын; ақ, қара –түсін; ұзын, қысқа -өлшемін; тар, кең –көлемін; ерте, кеш –қимылдың уақытқа қатысын; кірді, шықты –қимылдың бағытын білдіреді. Сапалық ұғымдарға телулі болғандықтан, антонимдер сын есімдерден өзге сөз таптарынан сирек жасалады.

Қарама-қарсы ұғымдар бір-бірімен байланыста болады, бірін-бірінсіз өмір сүре алмайды. Егер адам санасында ерте деген ұғым болмаса, кеш деген де ұғым болмас еді. Тар деген ұғымның санада өмір сүруі кең деген ұғымға тікелей байланысты; өмірде жақсы болмаса, жаман да болмас еді, ұзынсыз қысқа жоқ. Бұлар логикалық бір қатардың қарама-қарсы екі мүшесі, бір құбылыстың бойындағы бір-бірін жоққа шығаратын, сонымен бірге бірін-бірі қажет ететін, бірін-бірінсіз өмір сүрмейтін қарама-қарсы жақтары болып табылады. Сондықтан бұлардың бірін айтқанда, екіншісі өздігінен ойға оралады. Қысқасы, антонимдік қарама-қарсылық тек бір логикалық қатарға жататын тектес ұғымдар қарама-қарсылығына негізделеді. Мысалы, арық-семіз деген антонимдік жұп заттың сынын, алыс-жақын заттың орынға қатысын, ауыр-жеңіл салмағын білдіреді. Бұлар бір тектес ұғымдар. Ал әр тектес ұғымдарды білдіретін сөздер, сапаға байланысты болғанына қарамастан, антонимдік жұп құрай алмайды. Мысалы, жақсы-суық дегендердің екеуі де сапалық ұғымдар. Әйтсе де бұлар антонимдер емес. Өйткені бұлардың бірі сынды, екіншісі температураны білдіреді. Сөйтіп, бір тектес ұғымдарды білдіру антонимдердің негізгі ерекшелігі болып табылады.

Антонимдік жұптың тағы бір ерекшелігі олардың сыңарлары қарама-қарсы мәні жағынан таразының екі басындай бір-біріне тепе-тең болуы керек. Егер олардың бірі заңдылықты бұзып, мағына қарама-қарсылығы жағынан не сәл артық, не сәл кем болса, антоним бола алмайды. Мысалы, жас-сақа-мосқал-кәрі логикалық қатарындағы жас-сақа, жас-мосқал жұптары антонимдес емес. Себебі, бұлардағы мағына қарама-қарсылығы жас-кәрі жұбындағы қарама-қарсылықтан әлдеқайда төмен. Сондай-ақ, жақсы-тәуір-шамалы-нашар-жаман қатарындағы шамалы, нашар деген сөздердің жақсыға қарсы мағынасы жаманға қарағанда әлсіз. Бұл екі логикалық қатардың ең шеткі мүшелері жас пен кәрі, жаман мен жақсы қарама-қарсылықты мәні жағынан тепе-тең, нағыз антонимдер болып есептелінеді. Әйтсе де, сөйлеу тәжірибесінде, көркем әдебиетте жас-мосқал, тәуір-жаман, жақсы –нашар жұптары бір-біріне қарсы мағынада қолданыла береді. Алайда олар тұрақты антонимдік топ құрай алмайды. Тек белгілі бір орайда, нақты контексте ғана қарсы мағына береді. Сондықтан мұндай қолданыстарды контекстік немесе стильдік антонимдер деп қарастырған жөн. Сөйтіп, қарама-қарсы ұғымдар белгілі бір логикалық қатардың ең шеткі мүшесі болып табылады. Алайда жалпылық сипаты болмағынымен, антонимдердің кейбіреулерінің арасында үшінші бір аралық мүше ұшырайды /Мусин Ж. Қазақ тілінің антонимдер сөздігі. –А.,1984.5-12бб./. Мысалы, тар-кең (аралық мүше-шақ), алда-артта (ортада), ыстық-суық (жылы), жеңіс-жеңіліс (тижығыс), ұтыс-ұтылыс (тең) т.б. Бұлар қарама-қарсы екі ұғымды тең ұстап, дәнекерлік қызмет атқарады.

Ұғым – логикалық, антоним – тілдік категория. Осы себепті логикалық қарама-қарсылық пен мағыналық қарама-қарсылықты шатастыруға болмайды. Екінші сөзбен айтқанда, кез келген логикалық қарама-қарсылық антонимдік қарама-қарсылық болып есептелмейді. Антонимдердің тілдік табиғатын дұрыс түсінбегендіктен, кейбір зерттеушілер ситуациялық, контекстік қайшылықтарды да, тіпті қақтығыс, жанжал, шатақ, т.б. процестерді антонимия құбылысына жатқызған /Шмелев Д.Н. Современный русский язык. Лексика. –М., 1977. С.207/. Мысалы, мысық тышқанды, аю балды жеп қоятындықтан, қарама-қарсы орналасқандықтан аспан мен жерді, жыныс айырмашылығына байланысты жігіт пен қызды, еркек пен әйелді антонимдес деп ұққан. Егер белгілі бір сөз табына жататын барлық сөздерді – мағыналық қарама-қарсылығы болмаған жағдайда – қатар мәндес деп ұғынатын болсақ, жоғарыдағы санамалаған сөздер антонимдік құбылыспен мүлдем жанаспайды. Бар болғаны қатар мәнді сөздер ғана.

Сондай-ақ қайшылықты ұғымдарды да антонимдердің қатарына қосуға болмайды. Қайшы мәндес ұғымдар –сыз, -сіз, -ма,-ме, -ба, -бе, -па, -пе жұрнақтары арқылы және емес, жоқ сөздері арқылы жасалады: 1) фактіні теріске шығарады (теіңз теңіз емес, ақ ақ емес); 2) заттың, құбылыстың сапасын жоққа шығарады (орманды-ормансыз, сабырлы-сабырсыз); 3) іске, қимылға тиым салынады (бар-барма, айт-айтпа). Сөйтіп, олар осылайша бірін-бірі тікелей жоққа шығарады. Бұлардың арасында ешқандай аралық мүше болмайды. Қарсы мәндес сөздердің қатар мәндес, қайшы мәндес сөздерден жасалу жолы басқа: қарама-қарсы ұғымдар бірін-бірі жоққа шығарып қана қоймайды, сонымен қатар затқа, құбылысқа жаңа баға береді /Ж.Мусиннің аталған кітабының 5б./. Қайшы мәндес сөздер бірін-бірі жоққа шығарғанымен, жаңа баға бере алмайды.

Антонимдер семантикалық құбылыс болғандықтан лексиканың көп мағыналылық, синонимдер, омонимдер сияқты топтарымен қат-қабат араласып, астасып жатады. Бір сөздің бірнеше мағынасы болуы –тіл-тілде кездесе беретін заңды құбылыс, Мұндай қасиет антоним сөздердің де бойынан табылады. Мысалы, жария деген антонимдік сыңардың екі мағынасы бар: 1) көпке таныс, белгілі, мәлім; 2) ашық-айқын, әйгілі. Бұл антонгимдік сыңардың бірінші мағынасына «құпия», екінші мағынасына «жасырын» сөздері антонимдес бола алады. Жазылу етістігінің де әдеби тілде екі мағынасы қалыптасқан: 1) ауру-сырқаттан, дерттен айығу, сауығу, 2) қысылып-қымтырылмай, именбей, емін-еркін сезіну. Бірінші мағынаның антонимі – асқыну, екінші мағынаның антонимі –қысылу. Көп мағыналы сөздердің есебінен жасалған антонимдердің қатарын бұдан да әрі жалғастыруға болады. Бір сөздің әр алуан мағынасы қолданылу ретіне қарай осылайша бірнеше сөзбен антонимдес болып келе береді.

Кейбір омоним сөздер де антоним сөздермен қарым-қатынасқа, байланысқа түсіп, өзара шектесіп тұрады. Мысалы, жалған омонимі екі ұғымда жұмсалады: 1. Шындығы жоқ, өтірік; ІІ. Жарық дүние, өмір, тіршілік. Бірінші ұғыммен шын сөзі антонимдік жұп түзсе, екінші ұғыммен бақи сөзі антонимдік топ құрап тұр. Ал көк омонімінің бір ұғымы ғана (жаңа шыққан жас шөп) қу сөзіне қарсы мағынада жұмсала алады: көк шөп, қу шөп.

Антонимдер мағыналары жағынан бір-біріне мүлде қарама-қарсы, керісінше, синонимдер бір-біріне жақын, тіпті белгілі бір контексте өзара алмастыруға жарайтын сөздер бола тұрса да, аса тығыз байланыста болады. Синонимдер көп мағыналы антонимдік сыңарларды әр қырынан ашып, үйлестіреді, бірін-бірі толықтырады. Мысалы, асау-тентек –синонимдер. Бұлардан жуас-асау және жуас-тентек деген екі антонимдік жұп шығады. Мұның алғашқысы малға байланысты айтылады, адам туралы сөз болғанда екінші жұп (жуас адам, тентек адам) қолданылады. Тентек деген сөздің сотқар, бұзақы деген синонимдері де бар: жуас сөзімен антонимдік топ қкрай алады. Жуастың синонимі – момын, момақан. Бұлар да асау, тентек, сотқар, бұзақы сөздеріне қарсы мағынада жұмсалады. Бұдан кейбір синонимдік қатардың екінші бір синонимдік қатарға қарсы мағыналас болып келе беретінін байқаймыз. Алайда бір синонимдік қатардағы сөздер өзіне қарсы мағыналас екінші бір синонимдік қатарға енген сөздердің кез келгенімен антонимдес бола бермейді. Синонимдердің бірінің орнына бірі қолданылғанда таңдап, талғап қолданылатыны сияқты, антонимдік жұп құрғанда да таңдап, талғап жұмсалады. Мысалы, кәрі мен қарт –синонимдер. Бұлардың антонимі- жас. Адам туралы жас-қарт, жас-кәрі деп айта алғанымызбен, қарт мал деп қолдануға болмайды.

Кейде бір сөзге бірнеше синоним қарсы қойылады: дос-дұшпан, дос-қас, дос-өш. Мынадай қорытынды шығады: антонимдер лексиканың өзге топтарынан оқшау, жеке-дара тұрған құбылыс емес /Ж.Мусиннің аталған кітабының 12-16бб./.

Қарама-қарсы екі мағынаның бір ғана сөздің бойына сыйысуы – антонимдерге тән ерекше құбылыс. Сыйысқан мәндер кейде тура (номинативті) мағыналы сөздердің есебінен жасалса, кейде баға беруден, эмоциялық мағынаның өзгеруінен пайда болады. Аталмыш сипат көбіне етістіктерден байқалады: қызметке алды, қызметтен алды; хабар тарқады, мастық тарқады. Келтірілген сөз тіркесіндегі –ал, тарқа- тұлғалары екі бірдей қарама-қарсы мағынаға ие болып тұр. Бұл құбылысқа диалектілердің де қатысы бар. Мысалы, көрім деген сөз батыста «оңбаған, жексұрын» сияқты жағымсыз мағыналарда жұмсалса, шығыста, керісінше, «келімі келген, келісті, көңілі тоятын» сияқты жағымды мағыналарда жұмсалады. Сөйлеу тілінде ит, данышпан, ақымақ, қу сөздері де қарама-қарсы мағынада айтыла береді.

Бір ғана сөздің қарама-қарсы екі мағынада жұмсалуы энантиосемия құбылысы деп аталады. Энантиосемия ағылшын тілінде «мағыналардың қарама-қарсы қасиетке ие болуы» деген ұғым береді.

Антонимдердің қай-қайсы да мағынасы қарама-қарсы екі сөзден тұрады. Сондықтан антонимдік жұп деген термин көп қолданылады. Кейде мағынасы қарама-қарсы сөздердің тобын антонимдік қатар деп те атайды.

Антонимдердің грамматикалық сипаты.Антонимдер түбір сөздерден де, туынды сөздерден де, күрделі сөздерден де жасала береді: а) түбір сөздерден: аз-көп, ақ-қара, бас-аяқ, жөн-теріс, ұшу-қону, ерте-кеш, іш-сырт, т.б. ә) туынды сөздерден: азаттық-құлдық, ақтаушы-жазалаушы, алашақ-берешек, алғы кейінгі, жұмық-ашық, келген-кеткен, күйіну-сүйіну, озық-тозық, ойпат-қырат, үйрену-жирену, ішкі-сыртқы, т.б. б) түбір сөздер мен туынды сөздерден: арзан-құнды, асығыс-сабыр, кедей-әлді, білімді-надан, добалдай-нәзік, жеңіл-салмақты, қиянат-әділдік, т.б. в) түбір сөздер мен күрделі сөздерден: ақ көңіл-арамза, ар жақ-бер жақ, кішіпейіл-менмен, тыныш-у-шу, т.б.

Тіліміздегі фразеологизмдер де, кейде еркін тіркестер де бір-бірімен антонимдік қатынасқа түсе алады. Алайда олар лексикалық антонимдер сияқты сапалық ұғымдарды білдіргенімен, қарама-қарсы сөздерге тән белгілердің бәрін бірдей қамти алмайды. Мысалға олардың антонимдік мәні жағынан тепе-тең болып келуі, немесе тілде үнемі бір-біріне қарсы мағынада жұмсалып қалыптасуы шарт емес. Фразеологиялық антонимдер, орамдар тек белгелі орайда, нақтылы, контексте ғана бір-біріне қарама-қарсы мағынада жұмсалады /Ж.Мусиннің аталған кітабынің 20б./. Мысалдар: айы оңынан туды – аяғы аспаннан келді, асты-үстіне түсті – көзіне ілмеді, дәме етті – күдер үзді, жақсы көрді – жек көрді, жүрегінің түгі бар – су жүрек, қарға адым жер – ит өлген жер, мерейі өсті – сағы сынды, көз ілмеді – ұйқысы қанды, т.б. Демек, жекелеген сөздермен ғана емес, сөз тіркестерінен де антонимдік қатар жасалады.

Туынды антонимдер жасауға –ла, -ле, -та, -те, -да, -де; -дық, -дік, -тық, -тік, -лық, -лік; -ғы, -гі, -қы, -кі; -ыс, -іс, -с; -ақ, -ек, -к; -ыш, -іш; -шылық, -шілік, -дылық, -ділік; -дай, -дей, -тай, -тей; -лы, -лі, -ты, -ті, -ды, -ді жұрнақтары жиі жұмсалады. Антонимдік жұптардың ең үлкен бөлегі сын есімдерден түзіледі. Зат есімдер мен етістіктерден жасалған топтар одан әлдеқайда аз. Үстеулер мен есімдіктерден бірен-саран антонимдік жұптар пайда болады.

Бір біріне қарсы мағыналас жұрнақтар антонимдік қатар жасауға қатыса ала ма деген сұрақ зерттеушілерді көптен бері толғандырып жүр. Бұл орайда көбіне сын есімнің –лы, -лі, -ды, -ді, -ты, -ті, -сыз, -сіз жұрнақтары әңгімеге арқау болып жүр. Зерттеушілердің бірқатары қарсы мағыналас –лы мен –сыз жұрнақтарын антонимдік қатар жасай алады деп есептейді. Дәлелі – бұл жұрнақтар нақты (конкретті) мағына беретін сөздерге жалғанса, антонимдік жұп түзе алмайды: малды-малсыз, сулы-сусыз, елді-елсіз, т.б. Дерексіз (абстракті) ұғымдарды білдіреін сөздерге жалғанса, антонимдік қатар құрайды: қажырлы-қажырсыз, ақылды-ақылсыз, сабырлы-сабырсыз, арлы-арсыз, құтты-құтсыз, көңілді-көңілсіз, т.б.

Антонимдерді зерттеумен шұғылданған қырғыз ғалымы М.Үсібалиев өзінің кандидаттық диссертацясының авторефератында былай деп жазады: «Бірқатар ғалымдар ақылды-ақымақ жұбын антоним деп таниды. Дәл сондай мағына беретін ақылды-ақылсыз жұбын неге антоним деп қабылдамасқа!?». Қазақ тілінің маманы Ж.Мусин бұған мынадай жауап қайтарады: «Қосымшалар арқылы жасалған сөздердегі мағына қарама-қарсылығы антонимдік қарама-қарсылықтан мүлдем басқаша. Дәлірек айтқанда, бұл жұрнақтар антонимдік мағына туғыза алмайды. Өйткені –лы, -лі жұрнағы затты яки құбылыста белгілі бір сапаның бар екендігін, мол екендігін білдірсе, -сыз, -сіз жұрнағы затта яки құбылыста сол сапаның жоқ екендігін білдіреді» /Ж.Мусиннің аталған кітабының 17б./. Осы пікірдің соңғысы салмақтырақ екендігі түсінікті. Оның үстіне «Ақылды мақтанса, істі тындырар, ақымақ мақтанса, аяғын сындырар» деген мақалдағы ақылды-ақымақ антонимдік жұбын халық жасағандығы көрініп тұр. Жұрнақтар арқылы жасалған қарама-қарсылықтардың қай-қайсы да қайшы мәндес ұғымдар ғана тудыра алады. Антоним болуы үшін қарсы мәндес болуы міндетті.

Антонимдердің түрлері. Егер зат пен құбылыстың белгілі бір сапасы екінші бір заттың сапасы мен белгісіне қарама-қарсы келмеген болса, тілде қарама-қарсы мағына беретін антонимдер пайда болмас еді. Мысалы, ақиқат өмірде ұзын зат пен қысқа зат кездеспесе, ұзын-қысқа жұбы бір-біріне қарсы қойылмайды. Демек, сөз мағыналарының қарама-қарсы болуы олардың семантикалық қасиеттерінен шықпайды, ол – обьективті қарама-қарсылықтың тілдегі көрінісі ғана. Екінші жағынан адамзаттың әлеуметтік –мәдени түсінігі, сенімін, көзқарастарын ескеретін болсақ, қарама-қарсы қою белгілі дәрежеде сананың да жемісі. Адамзат пен құбылысты бірте-бірте сатымалап таниды. Мысалы, бал мен у табиғатында бірін-бірі жоққа шығаратын заттар емес. Адам баласы ең алдымен олардың сапалық қасиетін аңғарған. Әрқайсысы әр түрлі әсер ететіндіктен әр түрлі бағаланған: ащы-тұщы, жақсы-жаман, пайдалы-зиянды, т.б. Олай болса, антонимдердің негізі – тікелей обьективті және субьективті-парпдигмалық (бейнелік) қарама-қарсылық.

Шығу тегіне, пайда болу сипатына қарай антонимдер: 1) обьективті қарама-қарсылықты білдіретін антонимдер, 2) субьективті-парадигмалық қарама-қарсылықты білдіретін антонимдер болып екі үлкен топқа бөлінеді.

Обьективті қарама-қарсылық өзімізді қоршаған ортадағы шындық өмірмен шарттас болғандықтан, адамның санасы арқылы жасалмайды, бірақ қабылдау обьектісі бола алады. Антонимдік қатынас бір заттың бойында да, екі заттың бойында да бола береді. Осы екі жақты сипатына қарай антонимдік қарама-қарсылық екі түрлі болады: 1) антоним сөздер табиғатында бір-біріне қарама-қарсы заттардың, құбылыстардың атауы болып келеді: туу-өлу, өлім-өмір, сөйлеу-үндемеу; 2) антоним сөздер заттар мен құбылыстардың белгілерінің, сапасының атауы болып келеді: жақсы-жаман, үлкен-кіші /Шмелев Д.Н. Очерки по семасиологии русского языка. –М.,1964/. Осы себепті обьективті қарама-қарсылықты білдіретін антонимдерді өз ішінен: 1) абсолютті қарама-қарсылықты білдіретін антонимдер деп екі топқа бөлуге болады.

Табиғат пен қоғамдағы қарама-қарсы оқиғалардың, сан алуан процестер мен іс-әрекет, қимыл-қозғалыстардың т.б. атауы болып табылатын антонимдік жұптар – абсолютті, біздің санамызға тәуелсіз. Мысалы, күн мен түн табиғат заңы бойынша алмасады, өзендердің суы қатады, ериді, т.б. Мұндай жұптар сана-сезімнің қатысынсыз, «өздігінен» жасалады. Салыстырмалы қарама-қарсылықты білдіретін антонимдер обьективті болмағанмен, жалпылаудан, салғастырудан пайда болады. Мұндай ретте заттар мен құбылыстардың сапасы, сипаты, қасиеті, белгісі, күйі т.б. ерекшеліктері ескеріледі. Мысалы, кең-тар, биік-аласа, жуан-жіңішке, үлкен-кіші т.б. Салыстырмалы антонимдер деп аталатын себебі қарама-қарсылықты қатынасқа түскен жұптардың өзара байланысы шартты: мысал үшін түйе құмырысқадан үлкен болғанымен таудан кіші. Ақиқат өмірден алынып, тікелей қарама-қарсы қойылатын лексикалық мағыналар обьективті қарама-қарсылықты білдіретін антонимдер деп аталады.

Қоғамдық тәжірибе арқылы заттың түрі, түсі, сыны, сапасы, көлемі, мөлшері, салмағы, дәмі, қалып күйі, саондай-ақ қимыл-қозғалыстың да қарқыны, сипаты, уақытқа, орынға қатысы, тағы басқа толып жатқан басқа қасиеттері толық танылады. Олардың әрқайсысына субьективті баға беріледі, бір сапа екінші сапаға, бір сипат екінші сипатқа қарама-қарсы қойылады. Осыдан келіп прагматикалық(бейнелік) антонимдер пайда болады. Мысалы, ақ-қара, берік-бос, өтірік-шын, зиян-пайда, дұрыс-бұрыс, адал-арам, түзу-қисық, араз-тату, т.б. Адам санасында жанама, бейнелі түрде қарама-қарсы қойылатын лексикалық мағыналар субьективті-прагматикалық қарама-қарсылықты білдіретін антонимдер деп аталады.


2677887639240680.html
2677925456745977.html
    PR.RU™